Жыл басынан бері Катонқарағай ауданына 11,5 мыңға жуық турист келген. Енді аудандағы демалыс орындары, дәмханалар мен өзге де нысандарды 2GIS картасына енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама туристерге қажетті орындарды оңай табуға, ал жергілікті кәсіпкерлерге қызметін кеңінен танытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды F16.kz.
Катонқарағай ауданы – табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі. Асқар таулары, қалың орманы, мөлдір өзен-көлдері мен шипалы қайнарлары арқылы танылған өлкеге соңғы жылдары саяхатшылардың да қызығушылығын артып келеді. Еліміздің ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристер саны жылдан жылға көбейгенін байқауға болады. Ендігі кезекте ауданның туристік мүмкіндіктерін цифрлық карта арқылы танытуға басымдық берілмек.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы алты айында Катонқарағай ауданына шамамен 11,5 мың турист келген. Осы кезеңде көрсетілген туристік қызметтердің көлемі екі есеге өсіп, 483,6 миллион теңгеге жеткен.
Қазір ауданда жалпы сыйымдылығы 1 289 орын болатын 66 орналастыру нысаны жұмыс істейді.
Бұл ресми деректерге қарап келушілер санын арттыру ғана емес, олардың сапалы демалуына жағдай жасау, қажетті ақпаратты қолжетімді ету және туристік қызметтердің сапасын жақсарту да маңызды екенін аңғаруға болады
Келесі жылдың туристік маусымына дайындық басталып кетті. 2GIS компаниясының мамандары ауданға арнайы келді. Алдағы күндері Шыңғыстай, Өрел, Берел және Коробиха ауылдарын аралауды жоспарлап отыр. Сапар барысында демалыс орындары, дәмханалар және туристерге қажетті өзге де нысандар туралы ақпарат жиналып, 2GIS картасына енгізіледі. Бұл жердегі басты мақсат – ауданға келген кез келген турист өзінің телефонынан баратын жерін оңай таба алуы керек. Ол туристер үшін ыңғайлы, ал кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік, – деді «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» ҚҚ директоры Олжас Шәріпбеков.
Туризмнің дамуы қонақүйлер мен демалыс базаларына ғана емес, шағын кәсіпкерлік пен аудан экономикасына да серпін береді. Егер турист өзіне қажетті қызметті картадан оңай тапса, ауылдағы шағын кәсіпкерге де келушілерді тартуға мүмкіндік туады.




