Aitas Meken Foundation Катонқарағай ауданымен байланысты ерекше жобаны қолға алды. Алдағы жылдары аудандағы ормандар тек сұлулығымен көпті таңғалдырмай, өңірдің болашағына оң әсерін тигізіп, қаржы тартуы мүмкін, деп хабарлайды F16.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – Катонқарағайдың ормандарын сақтау және қалпына келтіру арқылы оны одан әрі қорғау үшін қаржы тарту.
Қор өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл – 50 жылға есептелген ұзақ мерзімді бастама.
Орман көмірқышқыл газын сіңіріп, табиғи тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Егер орман алқаптары қорғалып, ағаштар қалпына келтірілсе, олардың атмосферадан сіңіретін көмірқышқыл газының мөлшерін өлшеп, арнайы әдістер арқылы растауға болады. Осы нәтижеге сүйене отырып, көміртегі кредиттері шығарылады. Оларды қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға мүдделі компаниялар сатып алуы мүмкін. Ал сатудан түскен қаражат ормандарды қорғауға, ағаш отырғызуға, және ауданның тұрақты дамуына бағытталады, – дейді жоба ұйымдастырушылары.
Жоба аясында Катонқарағай аумағындағы қолданыстағы орман алқаптарын сақтау, әлсіреген учаскелерді қалпына келтіру және шамамен 5 600 гектар аумақта өрттен қорғау шараларын күшейту жоспарланып отыр.
Алғашқы кезеңде 876 гектар жер қамтылмақ.
Осылайша, Катонқарағайда табиғатты қорғау мен ауданның дамуын қатар алып жүретін «Алғашқы жасыл аудан» моделін қалыптастыру көзделіп отыр. Оның басты ерекшелігі – орманды сақтау мен қалпына келтіру жұмыстары уақытша гранттар мен жобаларға тәуелді болмай, ондаған жыл бойы тұрақты қаржыландыру көзіне ие болады. Бұл орманды сақтап қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта көміртегі жобасының құжаттары халықаралық сертификаттау компаниясына алдын ала келісіліп жатыр.




