Шығыс Қазақстан облысында тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталды. Күн райына байланысты өңірде сырқаттану көрсеткіші артып келе жатқаны да байқалады. Эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін емханаларға 52 мыңнан астам вакицна дозасы жеткізілді, деп хабарлайды F16.kz.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыстық бюджет есебінен «Гриппол» вакцинасының 75 мың дозасы сатып алынған.
«Өңірге екпенің алғашқы 19 мың дозасы 2 қазанда жеткізілген. 14 қазандағы жағдай бойынша, 11 598 адам екпе алды. Бұл алғашқы партия көлемінің 61%-ына тең. Ал 13 қазанда өңірге тағы 33 470 дозасы жеткізілді. Бұдан бөлек, қосымша 22 530 дозаны жеткізу жоспарланып отыр», — деді департамент мамандары.
Тұмауға қарсы екпе науқаны 5 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Дәрігерлер аурудың асқыну қаупі жоғары топтағы азаматтарды екпені уақытылы алуға шақырады. Олардың қатарында балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар азаматтар бар.
Сонымен қатар мамандар маусымдық инфекциялардан қорғану үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені желдету, ылғалды тазалық жүргізу және жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу маңызды. Адам көп жиналатын орындарда медициналық маска қолданған жөн.




