Қазақстан спорттық ату федерациясының төрағасы Берік Асылов Жапонияда өтіп жатқан Азия пара ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасовты құттықтады.
Пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа ату сайысында спортшы 249,1 ұпай жинап, жарыстың жаңа рекордын орнатып, Оңтүстік Кореяның мықты қарсыластарын басып озды.
Бұл жеңіс Қазақстан қоржынына алтын медаль ғана емес, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына да жолдама әкелді.
Берік Асылов чемпионды жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ спортшылардың сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасау, оның ішінде оларды ең заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Биыл тамыз айында Бас прокурор спортшыға WALTHER LG500 ITEC BTE кәсіби пневматикалық винтовкасын табыстаған.
Заманауи спорттық қару жаттығу үдерісінде және жауапты халықаралық жарыстарға дайындық барысында маңызды қолдау болды.
Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған. Ал қазіргі алтын медаль мен жаңа рекорд оның жоғары шеберлігінің, табандылығы мен мақсаткерлігінің кезекті дәлелі.




