Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді елден заңсыз шығармақ болғандардың жолын кесті. Шикізат Шығыс Қазақстанда және Алматы облысындағы қоймаларда сақталған, деп хабарлайды F16.kz.
ҚМА ақпараты бойынша, шикізатты шетелге шығару үшін кеден құжаттарында жүк «мыс кені мен концентраттары» деп көрсетілген. Яғни кеннің негізгі құрамы жасырылған.
«Кейінгі тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 000 тоннадан астам шикізат табылды. Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталды», делінген ақпаратта.
ҚМА екі күдіктіні қамауға алды. Соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.




