Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Әлеуметтік қорғау саласының жұмысы көзге көріне бермегенімен, оның қоғам үшін маңызы зор. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету, ерекше қажеттіліктері бар жандардың өмір сапасын жақсарту, отбасыларға көмек беру және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету — осы сала мамандарының негізгі міндеттері. Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2011 жылдан бері аталып өтеді. Биыл бұл мерекенің ресми түрде белгіленгеніне 15 жыл толып отыр.
«Әлеуметтік қорғау — мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды сала. Президенітімз Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтары — азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету. Бұл міндеттер әлеуметтік қорғау саласына ерекше жауапкершілік жүктейді. Салаға цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Атап айтқанда, «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды алдын ала анықтап, оларға тиісті көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік жасалды», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 700-ден астамы – әлеуметтік қызметкер.
Салтанатты жиында ұзақ жылғы еңбегімен, кәсібилігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген мамандарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің наградалары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары және облыс әкімінің марапаттары табысталды.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағыттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген аудандар мен қалалардың үздік бөлімдері мен мекемелері де марапатталды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік қолдау, қолжетімді орта қалыптастыру, қоныс аударуды ұйымдастыру және отбасыларды қолдау бағыттарында үздік атанған мекемелерге естелік мүсіншелер табысталды. Сондай-ақ үздік әлеуметтік тәжірибе мен үздік әлеуметтік инновация номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталды.
Марапаттау рәсімі әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысын бағалап қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен еңбегінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.




