Көлік әйнегін жуатын кейбір сұйықтықтың құрамында адамның жүйке жүйесі мен көру қабілетіне зиян келтіретін күшті улы зат – метил спирті (метанолды) болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары жүргізушілерге ескерту жасады, деп хабарлайды F16.kz.
Комитет өкілдерінің айтуынша, сұйықтықты пайдаланған кезде метанол булары автокөліктің желдету жүйесі арқылы салонға енуі мүмкін. Мұндай жағдайда көліктегі адамның тыныс алуы қиындап, басы айналады, жүрегі айнып, көру қабілеті бұзылады. Тіпті жоғары концентрация болса адам уланып қалуы әбден мүмкін.
Әйнек жуғыш сұйықтықтарға қойылатын талаптар Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдерге қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптардың 5-бөлімінде белгіленген.
Өнімнің қаптамасында мемлекеттік тілде және орыс тілінде таңбаланған сипаттама болуы тиіс. Сипаттамада өнімнің атауы, өндіруші туралы мәліметтер, өндірілген күні, сақтау мерзімі мен шарттары, мақсаты және партия нөмірі көрсетілуі қажет.
Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат – мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (МТК). Оның бар-жоғын ЕАЭО мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінен тексеруге болады.
Комитет өкілдері тұтынушыларға әйнек жуғыш сұйықтықтарды тек белгіленген сауда орындарынан сатып алуды, өнімнің таңбалануына және қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуына назар аударуды ұсынады. Мұндай құжаттары жоқ сауда орындарынан өнім сатып алудан бас тартқан жөн.
«Естеріңізде болсын, жолдағы қауіпсіздік тек автокөліктің техникалық жарамдылығына ғана емес, сонымен қатар пайдаланылатын өнімдердің сапасына да байланысты», — делінген комитет ұсынған ақпаратта.




