Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 150 қылмыс ашылып, 23 462 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде жол қозғалысынан бастап кішігірім бұзақылық, қоғамдық орындардағы тәртіп, абаттандыру ережелерінің сақталуы – барлығы «ақылды» жүйенің объективінде тұр. Облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына және аумақтық бөлімшелердің кезекші бөлімдеріне 9 000-нан астам камера қосылған. Бейнебақылау құралдары полиция қызметкерлеріне қандайда бір жағдай жөнінде дереу хабар алып, істің мән-жайын анықтауға және іске қатысы бар адамдарды жедел табуға мүмкіндік береді.
Қазір кейбір камералардың ерекше «қасиеті» бар: адам тұлғасын зияткерлік тұрғыда тани алады. Өскеменде осындай функциямен жабдықталған 300 камера жұмыс істеп тұр. Бұл камералар арқылы биыл он ай көлемінде іздеуде жүрген 198 адам табылған.
Цифрлық бақылаудың артында жедел басқару орталығы қызметкерлерінің күнделікті жұмысы тұр. Мамандар тәулік бойы хабарламаларды қабылдап, ақпаратты талдайды, жағдайды бақылауда ұстап, полицияның іс-қимылын үйлестіреді. Мәселен биыл 10 ай ішінде «102»-ге 117 391 хабарлама келіп түскен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20,3 пайыз аз.




