Өскеменде ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай мерекелік дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс орталығының ғимараттары мен көшелері, LED-экрандары мен көрнекті орындары мемлекеттік мерекенің мазмұнын сай безендіріліп жатыр. Қаланың әр бөлігінде көк байрақ желбіреп, елдік рухты дәріптейтін көрнекі бейнелер менмұндалап тұр. Шығыстың бас шаһарында мерекелік атмосфера ауаны анық сезіледі.
«Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл» деген жазуы бар мерекелік безендірулер облыс орталығының бірқатар маңызды аумағына орналастырылған. Атап айтқанда, Республика алаңындағы үлкен LED-экранда, Абай және Әуезов даңғылдары бойында, Жеңіс даңғылында, Сағадат Нұрмағамбетов көшесінің бойында және Б. Александров атындағы спорт сарайының алдындағы биік LED-экранда ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған бейнелер көрсетіліп жатыр.
Сонымен қатар, мерекелік безендірулер Қазақстан көшесінде, қаланың сол жағалауындағы Сәтбаев даңғылының бойында, Халифа Алтай мешіті маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінің жанында да орналастырылған. Мұндай көрнекіліктер шағын аудандардағы көпшілік жиі баратын орындар мен қаланың көрікті жерлерін де қамтып отыр.
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған жұмыстар жыл басынан бері кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Соның ішінде қала тұрғындары мен қонақтары жиі жиналатын Ертіс жағасындағы амфитеатрда биіктігі 35 метр болатын үлкен Мемлекеттік Ту орнатылды. Бұл – ел егемендігінің символын асқақтатып, тарихи мерейтойдың мазмұнын айшықтайтын маңызды нысандардың бірі. Қаланың көркін келтіріп тұрған Ботпай тауындағы алып «Қазақстан» жазуы, тау басындағы үлкен Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранымыз да өңірдің елдік рухын танытып тұр. Бұл нышандар тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстанның жетістіктерін, ұлттық бірегейлігі мен бірлігін паш етеді.
Бұдан бөлек, Үлбі және Ертіс өзендері арқылы өтетін көпірлерге, қала орталығындағы көпқабатты үйлердің балкондарына Мемлекеттік Ту ілінген. Көк байрақтың қаланың әр тұсында желбіреуі мерекелік атмосфераны күшейтіп қана қоймай, тәуелсіздік құндылығына деген құрметті де айқындай түседі.
«Кенді Алтайдың бас қаласы Өскеменнің мерекеге сай түрленуі – Тәуелсіздікке деген ортақ құрметтің көрінісі. Қала көшелеріндегі көк байрақтар мен LED-экрандардағы мерекелік бейнелер әр тұрғынға азат елдің азаматы болудың жауапкершілігі мен мақтанышын сезіндіреді», — дейді қала әкімдігінің өкілдері.




