А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұлы ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклортанушы және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Мәңгілік өнеге: Алтынсарин әңгімелері» атты оқырмандық перформанс өтті.
Іс-шара барысында жас оқырмандар ұлы ұстаздың өмірі мен бай шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды ақпарат алды. Жазушының «Әке мен бала» әңгімесі желісімен танымдық көрініс қойылып, кейіпкерлер бейнесі шебер сомдалды.
Оқушылар Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды. Оқырмандардың білімін пысықтау мақсатында қызықты викториналық ойындар ұйымдастырылды. Іс-шара соңында оқушылар мен ұстаздар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
«Іс-шараның мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің әдеби және ағартушылық мұрасын насихаттау, оның шығармалары арқылы жас ұрпаққа адамгершілік, білімге құштарлық, еңбекқорлық пен адалдық құндылықтарын дәріптеу», — дейді ұйымдастырушылар.




