Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданының прокуратурасы «Күміс жас» жобасын іске асыру кезінде болған заң бұзушылықты анықтады. Қадағалау актісі бойынша мемлекеттік бюджетке 4,6 миллион теңге қайтарылды, деп хабарлайды F16.kz.
«Күміс жас» деп аталатын мемлекеттік жоба 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Жоба шеңберінде елуден асқан маманды жұмысқа алған кәсіпорынға не мекемеге жұмысшы жалақысының 60-70 пайызы бюджеттен субсидия ретінде беріліп отырады.
Тексеру барысында қызметкерлер жөнінде жалған мәлімет берген жұмыс беруші бар екені анықталды. Есеп табелінде жұмыс күндері мен сағаты толық атқарылды деп көрсетілгенмен, қызметкерлер іс жүзінде жұмыс орнында болмаған. Тіпті кейбірі бұл ауданда тұрмайтын болып шыққан көрінеді.
«Төленген субсидиялар қайта есептелді. Негізсіз аударылған 4,6 миллион теңге қаражат мемлекет кірісіне қайтарылды», — деп мәлімдеді ШҚО Прокуратурасы.




