Өскемендегі Жоғары техникалық-гуманитарлық колледж базасында «Циньлинь» шеберханасы ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Шеберхананың ашылуына орай ұйымдастырылған іс-шараға Қытайдың Шанло қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледжінің делегациясы қатысты.
Делегация өкілдері оқу орнының жұмысымен, материалдық-техникалық базасымен танысты. Тараптар білім беру саласында тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды енгізу және цифрлық платформа құру мәселелерін талқылады.
Жаңа шеберханада колледж студенттері практикалық дағдыларын дамытады.
Өңірдегі білікті мамандар тапшылығын азайтып, автомобиль саласы, соның ішінде электромобильдерге қызмет көрсету бағытында кадр даярлау жобаның басты мақсаты екені айтылды.
Іс-шара соңында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.




