Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысында 2026-2035 жылдарға арналған туристік экономиканы дамытудың бас жоспары әзірленді. Соған сәйкес маусымаралық кезеңде өңірге келетін туристер санын арттыру үшін бірнеше жоба пысықталып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Ресми дерек бойынша 2025 жылы өңірге 447 мыңға жуық турист ат басын бұрған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 4,4 пайыз көп. Дегенмен туристер ағынының, шамамен, 96 пайызы – ел ішіндегі саяхатшылар. Ал негізгі туристік кезең маусым-қазан айларының аралығымен шектеледі.
Қазір өңірде 6 205 нөмірлік қоры бар 429 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Өңір басшылығы енді қонақүйлер мен демалыс орындарының санын көбейтіп, тұрақты жүктеме беруді жоспарлап отыр. Туристердің өңірде мейілінше ұзақ аялдап, көбірек қаражат жұмсауына жағдай жасау қажет екені айтылды.
Бас жоспарда көлік, орналастыру, тамақтану, экскурсиялық бағдарлама, қауіпсіздік және алдын ала брондау қызметтерін бір жүйеге біріктіру көзделген. Яхта туризмі, тау велосипеді спорты мен даунхилл, ботель, ретрит орталықтары, велосипедшілерге, шаңғышылар мен жүгірушілерге арналған маршруттар, іскерлік және өнеркәсіптік туризм, орнитологиялық бағыттар, жергілікті жабайы өсімдіктерді пайдалана отырып гастрономиялық турлар ұйымдастыру, қазақ отбасының салт-дәстүрімен таныстыру секілді жаңа туристік бағыттар қарастырылған.
Қызу маусымнан тыс уақытта да өңірге келушілер санын арттыруға ерекше назар аударылды. Бұл үшін спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын, іскерлік іс-шараларды, фестивальдерді, сауықтыру бағдарламаларын өткізуге және агротуризмді дамытуға мүмкіндік бар.
Риддер қаласында орнитологиялық туризмді дамытуға арналған Ridder BirdFest фестивалінің бағдарламасы әзірленді. Оны негізгі туристік маусым аяқталғаннан кейін өткізу жоспарланып отыр.
Катонқарағай ауданында қар барысын табиғи ортасында бақылауға арналған жоба қаралып жатыр. Осы мақсатта ірі халықаралық туроператормен келіссөздер жүргізіліп, техникалық тапсырма әзірленген. Жергілікті орналастыру нысандары да бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. Қазір аудан әкімдігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, жобаны іске асыру шарттарын пысықтау міндеті жүктелген көрінеді.
Тағы бір бағыт – «Аяз Ата ауылы» жобасы. Оның тұжырымдамасы да әзірленген.
Үлкен Нарын ауданында қысқы балық аулауға арналған пилоттық туристік өнімді дайындау басталды. Бұл іске Балық инспекциясы, тиісті федерация және Туризм басқармасы өкілдерінен жасақталған жұмыс тобы тартылған.




