2026 жылдың қазанынан бастап теориялық немесе практикалық емтиханды үш рет теріс нәтижемен тапсырғаннан кейін тиісті емтиханды қайта тапсыру әрекеттері ақылы негізде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге тұрақты негізде талдау жүргізеді.
Осылайша, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жүргізілген талдау барысында бірқатар проблемалық мәселелер анықталып, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленді.
Негізгі ұсыныстардың бірі жүргізуші куәліктерін беру жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету тәртібіне өзгерістер енгізу болды. Бұған дейін Қағидаларға сәйкес, практикалық емтиханды үш рет теріс нәтижемен тапсырған жағдайда теориялық емтиханның нәтижелері жойылатын (тапсыру әрекеттерінің саны нөлге теңестірілетін). Бұл ретте жүргізуші куәлігін алуға үміткер теориялық емтиханды қайта тапсыруға екі айдан ерте жіберілмейтін.
Департамент бюджет түсімдерін ұлғайту мақсатында қызмет алушылардың практикалық және теориялық емтихандарды қайта тапсыру әрекеттерінің санын шектемеу жөнінде ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, емтиханды екі рет теріс нәтижемен тапсырған жағдайда, келесі емтихандарды ақылы негізде қабылдау ұсынылды.
Аталған ұсыныс қолдау тауып, іске асырылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді теориялық немесе практикалық емтиханды үш рет теріс нәтижемен тапсырғаннан кейін тиісті емтиханды қайта тапсыру әрекеттері Мемлекеттік корпорация белгілеген тарифтерге сәйкес, алдыңғы емтихан өткізілген күннен бастап күнтізбелік он күннен ерте емес мерзімде ақылы негізде жүзеге асырылады.
Бұл – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы
Е. Айқымбеков




