14-15 қараша күндері Алматы қаласында «Дала дәмі» бірыңғай республикалық бренді аясында Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Жәрмеңке Шевченко көшесінің Қонаев пен Пушкин көшелерінің арасындағы бөлігінде ұйымдастырылады. Екі күн бойы сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтары Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдерін сатып ала алады.
Жәрмеңкеге Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Тарбағатай, Үлкен Нарын, Шемонаиха аудандары және Өскемен қаласындағы кәсіпорындар өнімі жеткізіледі. Жиырмадан астам өнім түрі ұсынылады: ет және сүт өнімдері, бал, күнбағыс майы, балық, шұжық өнімдері, шай мен самырсын жаңғағы бар. Жалпы көлемі 50 тоннадан асатын ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі. Атап айтқанда:
- ет өнімдері – 6 тонна;
- бал – 32,6 тонна;
- күнбағыс майы – 4,5 тонна;
- сүт өнімдері – 2,1 тонна;
- балық өнімдері – 2,5 тонна;
- шұжық өнімдері – 3,6 тонна;
- шай мен самырсын жаңғағы – 0,6 тонна.
Ұсынылатын өнімдердің жалпы құны 150 миллион теңгеден асады.
Сатылымға шығарылатын барлық өнім санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болады. Сауда жасаушылар өнімнің шығу тегі мен сапасын, қауіпсіздігін растайтын тиісті құжаттарды ұсынады.




