Шығыс Қазақстан облысында “Қызғылт қазан” айлығы аясында 9389 әйел арнайы медициналық тексеруден өтіп, 10 әйелден сүт безі обыры анықталған. Бұл туралы облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының өкілдері айтып берді, деп хабарлайды F16.kz.
Дәрігерлер 6 167 әйелді маммографияға жолдаған. Сондай-ақ қосымша тексеруден 2 403 әйел өтті.
Мамандар 730 әйелдің сүт безінде түрлі өзгерістер анықтады. Кейбір әйелдерде бұл өзгерістер қатерсіз болған. Айлық аясында жоспарлы маммографиялық скринингтен өтуге тиіс әйелдерді қамту жұмыстары да жанданды. Қазан айында 2 815 әйел маммографиялық тексеруден өтті. Ай бойы жүргізілген тексерулер нәтижесінде 176 жағдайда қатерлі ісікке дейінгі өзгерістер байқалды. 10 әйелден сүт безі обыры анықталды, — дейді онкоорталық өкілдері.
Медицина мамандары әйелдерге кеңес беріп, ауруды ерте анықтаудың ем нәтижесіне қалай әсер ететінін түсіндірді. Дәрігерлердің айтуынша, сүт безі обырын ерте анықтау емді дер кезінде бастап, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.




