Шығыс өңірінің орманды алқаптарында биыл 56 рет өрт тұтанған. Өрт шарпыған жалпы аумақ – 530,6 гектар. Бұл жөнінде табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсаинов облыс әкімдігінің мәжілісінде айтты, деп хабарлайды F16.kz.
«Мемлекеттік орман күзетінің, авиациялық және жерүсті патрульдеу күштерінің, мониторинг жүйелерінің көмегімен өрт тұтанғаны дер кезінде анықталып отырды. Жедел әрекеттің арқасында жалын ошақтарының басым бөлігі бастапқы кезде сөндіріліп, ірі орман өрттеріне ұласуына жол берілмеді», — деді спикер.
Бейінді басқарма басшысының айтуынша, орман-тоғайды өрттен қорғау үшін 1200-ге жуық адам қызмет етеді. Сонымен қатар 331 техника және 3 мыңнан астам құрал-сайман мен жабдықтар бар. Орманшылар өрт тұтанған жерді бірден анықтау үшін 36 ұшқышсыз ұшатын аппарат қолданады.




