Өскеменде тәртіп сақшылары пәтер сату мәмілесінен кейін жасалған ұрлықты әшкереледі, деп хабарлайды F16.kz.
Полиция ақпаратына сүйенсек, арыз беруші адамның танысы бұл істе күдікке ілінген. Ол бұған дейін пәтерді сатып алушыны табуға көмектескен. 48 жастағы қала тұрғыны пәтерін сатып, қолына 8 миллион теңге алған. Алайда ақшасын қараусыз қалдырған сәтте түгелінен айырылған.
Қаражатты ұрлаған жәбірленушінің 26 жастағы танысы болып шықты.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктіні ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп мәлімдеді полиция.
Полиция азаматтарға жылжымайтын мүлікті сату кезінде есеп айырысу тәртібін алдын ала ойластырып, ақшаны қараусыз қалдырмауға және мәміленің әр кезеңінде қаражаттың қауіпсіздігіне мән беруге кеңес береді.




