Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселенің маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, халықты таза ауызсумен толық қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Үлкен Нарын ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданның 93%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізген. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Нұртуған Маратұлы айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр Үлкен Нарын ауылында су құбырларын реконструкциялау жобасы жүзеге асырылған. Жоба аясында су құбырлары мен тиісті инфрақұрылым жаңартылды. Ал, биыл ауыл тұрғындарын жаңғыртылған су жүйесіне қосу жұмыстары толық аяқталып, халық көптен күткен сапалы ауыз су келді.
Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын табады. Айта кетейік, биыл Көкбастау ауылын орталықтандырылған ауызсумен қамту жобасы басталды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 5,3 шақырымнан асатын су құбырларын тарту, су жинау құрылыстарын салу және әрқайсысының сыйымдылығы 150 текше метр болатын екі таза су резервуарын орнату көзделіп отыр, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Аталған жобаның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Себебі бұған дейін Көкбастау ауылында заманауи орталықтандырылған су жүйесі болмаған. Көп жыл бойы тұрғындар кеңес дәуірінен қалған су тарату колонкаларын пайдалануға мәжбүр болды.
Жоба толық жүзеге асқаннан кейін ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қол жеткізеді. Бұл су беру сапасы мен тұрақтылығын арттырып қана қоймай, ауылдағы тұрмыс жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді, — дейді Нұртуған Маратұлы.




