Риддер қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғасы қызметтік көлікті жүйелі түрде жеке мақсатына пайдаланып келген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облысының әдеб жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінгі кеңесте екі заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша мәселе және екі тәртіптік іс қаралды. Тәртіптік іске келсек, оның біреуі Глубокое ауданы әкімдігінің қызметкеріне қатысты болса, екіншісі Риддер қалалық әкімдігінің лауазымды өкіліне қатысты қаралды. Бұл екі жағдайда да қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатқа пайдаланғаны анықталды. Екі істі қарап шығып, нәтижесінде комиссия мүшелері Глубокое ауданының мемлекеттік қызметшісін сөгіс түріндегі тәртіптік жауапқа тарту бойынша ұсыныс жолдады. Ал риддерлік шенеунікке қатаң сөгіс беру жөнінде ұсыныс жасалды. Себебі, Риддер қаласы әкімдігінің өкілі заң бұзушылыққа бір емес, бірнеше рет, яғни жүйелі түрде барған, – деді әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков.
Кеңесте бұдан өзге де мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі атқарылған жұмыстардың нәтижесі, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерді оқыту тәжірибесін талдау қорытындысы тыңдалды.