Серебрянск қаласындағы 97638 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 90-ға жуық жас сарбаз Қазақстанның тұтастығы мен бейбіт өмірін қорғауға салтанатты түрде әскери ант берді. Маңызды шараға сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Ұлымның Отанына адал қызмет етуге ант бергеніні көру мен үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Кеше ғана тас-түйін дайындықпен әскерге шығарып салған бозбалам бүгін қарсы алдымда сарбаз болды. Өз-өзіне деген сенімділігін, көзіндегі ұшқынды көріп ерекше қуанып тұрмын, — деді сарбаздың анасы Зейнап Мұратқызы.
Көктемгі шақырылыммен іріктелген жас сарбаздар бір ай ішінде арнайы даярлық курсынан өтіп, әскери тәртіп пен машықтарды меңгерді.
Көзді ашып-жұмғанша ант қабылдау рәсімін де өткіздік. Әскер қатарында болған әр азамат бұл күнді ешқашан ұмытпасы анық. Біз ел алдында ант беріп қана қойған жоқпыз, мойынымызға үлкен жауапкершілік алдық. Ол міндетті абыроймен атқарып шығу – біздің парыз, — дейді жас сарбаз Санжар Бүркітбай.
Салтанатты шараға келген ата-аналар бір ай ішінде темірдей тәртіпке үйренген балаларын ерекше мақтанышпен тамашаласа, салтанатты шараға келе алмағандар сарбаздармен онлайн байланысқа шығып, жүрекжарды тілектерін жолдады.