Соңғы бірнеше күн бойы Өскемендегі кей ауданды қалың ақ түтін басқанын байқауға болады. Ол қайдан шыққан түтін? Денсаулыққа зияны жоқ па? Қазіргі уақытта өскемендіктерді дәл осы сұрақтар толғандырады, деп хабарлайды F16.kz.
Түтін әсіресе саябақтар аумағы мен ағашы көп көшелерде менмұндалап тұр. Білетіндер бұл маса, шыбын-шіркейға қарсы жасалып жатқан өңдеу жұмыстары екенін айтады. Дегенмен, халықтың көкейінде «бұл улы заттар адам денсаулығына әсер етпей ме?» деген заңды сұрақ туындауда.
Ал, жергілікті билік болса, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы бойынша қолға алынған жұмыстар ғылыми қызметкерлердің қадағалауымен жүргізіліп жатыр екен.
Белгілі болғандай, зиянкестермен күреске Павлодар қаласынан келген мамандар тартылған. Осы ретте павлодарлықтардың бұл салада көп жылдық тәжірибесі бар екенін айту керек.
Ғылыми топтың мүшелері хабарлағандай, саябақтар аумағы химиялық және биологиялық препараттармен өңделеді. Оның ішінде «Штиль» мен «Цигатрин» заттары да бар.
– Бұл заттардың адам мен жануарларға әсері жоқ. Себебі, концентрациялар мұқият есептелген. Алайда, организмдер әртүрлі болады, сондықтан өңдеу кезінде мұндай жұмыстар жүргізіліп жатқан жерге бармаған дұрыс, – деп кеңес береді мамандар.