Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында белгілі ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Алтын ажал» спектаклінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Қойылымды қалың көрерменмен бірге туындының авторы – Иран-Ғайып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, осы спектакльдің режиссері Мұрат Ахманов және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тамашалады.
Картина желісі бір анадан туған үш ұлдың арасындағы алауыздықты көрсетеді. Аавтор ат басындай алтын үшін араз болған ағайындылардың ауыр тағдыры, орны толмас трагедиясы арқылы көрерменге ой салуға тырысқан және ол идеясы жүзеге асты деуге болады.
2025 жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл еңбек адамының мәртебесін көтеріп, ел болашағы еңбек пен білімде екенін айқын көрсетеді. Осы қойылым арқылы біз бүкіл бір әулеттің жойылып кетуінен, елдің тұтастығы мен бірлігінің ыдырауынан сақтанудың жалғыз жолы – адал еңбек пен тағылымды тәрбие екенін ұғамыз. Жемқорлықтан, жамандықтан аулақ болу – әр адамның парызы. Болашақты, ұрпақты, мемлекетті ойласақ, адал еңбек етуіміз керек. Осындай өзекті мәселені қозғаған қойылымнан өнеге алып, ой түюіміз керек, – деп сөйлеген аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Иран-Ғайыптың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, «Алтын ажал» трагедиялық дастанын Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының әртістері сахналады. Қалың жұрт тұсауы кесілген өнер туындысын жоғары бағалады.
Шынайы өмірде осындай жағдайлар кездеседі. Ақша үшін, алтын үшін араздасып, арасы суып кеткен ағайын-туыс қаншама. Міне, бұл қойылым қоғамдағы осы мәселені көтеріп отыр. Өлеңмен өрнектелген тілі де шұрайлы, әртістердің шеберлігі де керім. Маған ұнады, үлкен ой түйдім, – деді өскемендік Бақытгүл Қайырханқызы.
Төл туындысын сахнаға алып шыққан өнерпаздарға, оны тамашалауға келген көпшілікке алғыс айтқан автор ұлт руханиятына қолдау көрсетіп жүретін облыс әкіміне де ризашылығын білдірді.
Менің 60-қа жуық пьесам болса, соның елуі сахнада қойылды. Осыған дейін әкімнің қойылымға келгенін алғаш рет көріп тұрмын. Жамандықтың артынан жақсылық келеді, түннің артынан күн шығады. Сол күн шығып келе жатқандай көрінді маған. Құрметті көрермен, ел басқарған азаматтар және театрдың қара шаңырағын құлатпай ұстап келе жатқан Өскеменнің ұл-қыздары аман болсын! – деді Иран-Ғайып Оразбаев.
Дана Әбдікәрім