Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің саптық алаңында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан сақшыларды еске алуға арналған гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Оған арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының (ЖҚАЖ) сарбаздары, департамент басшылығы және жеке құрамы қатысты. Қызметтік антына адал болып, ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған ерлерді әріптестері бір минут үнсіздікпен еске алды. Әнұран шырқалып, мемориалдық тақта алдында қызметкерлер мәңгілік сапта қалған батырлар рухына тағзым етті.
Мықты рух, жауынгерлік бауырмалдық пен антқа адалдық — құқық қорғау қызметінің берік іргетасы. Шығыс Қазақстан полицейлері қаза тапқан әріптестерінің ісін жалғастырып, азаматтардың тыныштығын күзетіп, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолында абыроймен қызмет атқарып келеді.