Жыл басында Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылының тұрғындары Президентке мал ұрлығына қатысты видеоүндеу жолдаған. Онда бұл мәселенің жылдар бойы көтеріліп келе жатса да шешімін таппағанын, полициядан ешқандай қайыр болмағынын жеткізген. Артынша мәселе Парламентке жетіп, Мәжіліс депутат Мақсат Толықбай ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады.
Министр депутатқа берген жауабында Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны жазылған. Іс шеңберінде екі тұрғын ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
F16.kz тілшісі аудан әкімі Данияр Дүйсембаевтан қылмыстық істің қалай жүріп жатқанын сұрады.
Халық ішкі істер органдарына өз өтініштерін білдірді. Мәселенің мән-жайы анықталып, іс қозғалды. Қалған ақпаратты айтуға менің құқығым жоқ, — деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол жоғарыда аталған мәселе екі тарапқа бөлінгенін және әрқайсының өз шындығы бар екенін, соңғы шешімді сот қабылдайтынын атап өтті.
Бұл мәселе көтерілген уақытта ауылдағы ақсақалдар, ардагерлер кеңесі халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жасыратыны жоқ, іс ашылғаннан кейін екі тарапқа бөлініп, келіспеушілік туындады. Ол тілшілердің немесе менің араласуыммен шешілмейді. Біз тек сот шешімін күтеміз, — деді ол.
Бұл іс ШҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін айта кеткен жөн.