2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Марқакөл ауданы экономикадан бастап әлеуметтік салаға дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсімді көрсетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Бейсенов айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Оның сөзінше, биліктің басты мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Осы бағытта инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, бизнеске қолдау көрсетіліп, туризм дамып, ауылдардағы өмір сапасы жақсаруда.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бірден 230,4%-ға артса, өңдеуші өнеркәсіптегі өсім 119,3%-ға жетті. Кәсіпкерлік белсенділік те артып келеді. Аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 117,9%-ға өсті, сондай-ақ бөлшек сауда көлемі ұлғайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер гранттар мен жеңілдетілген несиелер ала бастады.
Ауданда туризм саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бірден үш жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Олар: «MARKAKOL LODGE», «Рахат-туризм» және «Айсаб» жобалары. Аудан ШҚО-дағы ең үздік рекреациялық аймақ байқауында жеңімпаз атанып, туристік инфрақұрылымды дамытуға 200 миллион теңге тартты.
Сонымен қатар, жолдар, су жүйелері, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары белсенді түрде жаңғыртылып жатыр. Ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға жүздеген миллион теңге бағытталды. Жаңа контейнерлер орнатылып, арнайы техника сатып алынуда.
Тағы бір маңызды бағыт – әлеуметтік қолдау. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасыларға арналған үйлер пайдалануға берілді. Ауылдарда мектептер мен медициналық пункттер салынып жатыр. Ауданда мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100%-ға жетіп отыр. Аудандық аурухананы күрделі жөндеуге дайындау жұмыстары басталып, жаңа медициналық жабдықтар жеткізілді.
«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ауқымды экологиялық акциялар өтті. Аталмыш акциялар аясында 2 700 түп ағаш отырғызылып, ондаған аумақ тазартылды. Экологиялық препараттарды қолдана отырып жәндіктерге қарсы күрес жүргізілді.
Бұдан бөлек, ауданда мәдени-спорттық инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Қазір аудан орталығында сужаңа Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, жылжымалы сахна сатып алынды, ауылдық клубтар жөнделіп, жаңа спорт алаңдары салынып жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, түгелдей дерлік салада алғажылжушылық бар. Тек, демографиялық жағдай мәз емес. Шекаралық аудандағы халық саны өткен жылмен салыстырғанда азая түскен көрінеді. Аудан басшылығының хабарлауынша, өткен 2024 жылы халық саны 7 мың шамасында болса, биыл бұл көрсеткіш 6 754 адамға дейін азайған.