Жаңа оқу жылында Бірлік ауылының балалары жаңа мектепке барады. Күршім ауданының Сарөлең ауылдық округіне қарасты елді мекенде сужаңа білім ордасының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
СПОРТЗАЛ ДА, ШАҒЫН ОРТАЛЫҚ ТА БАР
Бұған дейін жергілікті оқушылар өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі мектепте оқып келген. Саманнан соғылған бұрынғы мектепте спортзал мен кіші жастағы балаларға арналған шағын орталық болмапты. Ал жаңа білім мекемесінде мұның бәріне кабинеттер қарастырылған. Спортзал болса, мектепке жапсарлас салынған спорт модулінің ішінде орналасады. Бұл туралы жаңа мектеп директоры Ринат Нұрбекұлынан сұрап білдік.
– Ауылымызда жаңа мектеп салынып жатқанына қуаныштымыз. Заман талабына сай білім мекемесінде спортзал мен шағын орталық та болады. Бұрынғы мектебімізде мұның ешқайсысы жоқ болатын. Тіпті, дәретханалары да сыртта орналасқан еді. Мектебімізде кадр тапшылығы жоқ. Ауылымыз аудан орталығының іргесінде орналасқандықтан, мұғалімдеріміз келіп-кетіп жұмыс істей береді, – дейді мектеп директоры.
Белгілі болғандай, жаңа білім ордасында 1-9 сынып аралығындағы 40 оқушы білім алады, ал мектепке дейінгі даярлық тобында 15 балақай тәрбиеленбек. 80-ге жуық түтіні бар шағын ауыл үшін бұл ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.
НЕГІЗГІ ЖҰМЫСТАР АЯҚТАЛДЫ
Қазір құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Енді мектеп кабинеттерін жабдықтау жағы ғана қалды. Ол да жуық арада шешімін табатын мәселе деп сендірді құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдері.
– Мектеп пен шағын орталық құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталған болатын. Жаңа оқу жылына дейін мектепті пайдалануға береміз деп отырмыз. Кабинеттерді жабдықтау жағын да өз мойнымызға алдық. Жобаның құны – 550 миллион теңге, – дейді құрылысты жүргізіп жатқан зайсандық «СМУ Шығыс» ЖШС-нің өкілі Еркебұлан Сапиолданов.
«ЕСКІ МЕКТЕПТІ ИЕН ҚАЛДЫРМАЙМЫЗ»
Бір айта кетерлігі, қазір ауылдағы ескі мектеп ғимаратын да иен қалдырмай, пайдаға жарату жағы қарастырылып жатыр екен. Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартовтың сөзіне сенсек, мұнда ауылдық мәдениет үйі орналасуы мүмкін.
– Ескі мектеп ғимаратын клубқа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл жерде түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге болады. Әрине, алдымен біраз реконструкция жасау керек. Кадр мәселесін де шешіп алған абзал, – дейді әкім.
Оның айтуынша, қазір ауылдағы демографиялық ахуал тұрақты. Жоғарыда жазылғандай, елді мекенде сексенге жуық отбасы тұрып жатыр. Былтыр мұнда екі үй салынып, оған Қызылорда мен Маңғыстау облыстарынан көшіп келген отбасылар қоныстанған. Биыл тағы бір үй салу жоспарлануда.




