Катонқарағай ауданының орталығында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, толғандырған сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Бүгінде аудандағы өзекті мәселелердің бірі – Топқайыңдағы ауызсу проблемасы.
– Шағын ауылдардағы мәселелерден бейхабар деп ойламаңыздар. Хабардармыз және барлығын шешу үшін жұмыс істейміз. Топқайың халқы қарашаға дейін сапалы ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Аудан және округ әкімі бұл мәселені қатаң бақылауына алсын, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, аталған ауылдағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 77,8 миллион теңге қаржы бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, 4 жыл бұрын басталған бұл жобаға жауапты алғашқы мердігер міндетіне салғырт қарағандықтан, жұмыс уақтылы аяқталмай, халықтың наразылығын тудырған.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұған дейін жаңа мердігер анықталып, жоба аясындағы жұмыстардың 85 пайызы аяқталған. Алайда, округ әкімі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
– Жұмысқа кіріскеніме 4 күн болды. Бірақ, бұл мәселені қолға алып, қарастырып жатырмыз. Меніңше, аяқталған жұмыстар 70-80 пайызға да жетпейді, – дейді Белқарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрқанов.
Облыс әкімі жоба аясындағы жұмыстар сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуы керек екенін айтып, құзырлы органдарға мәселені бақылауға алуды тапсырды.