Президенттің елімізді толық газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет түрлі мүмкіндіктерді қарастырып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Атап айтқанда, газдың ішкі қорын пайдалану және көршілес мемлекеттерден газ импорттау жолдары пысықталды. Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру мақсатында Сарыарқа магистральды газ құбырының екінші, үшінші және төртінші кезеңдерінің құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл жобаны іске асыру үшін жылдық қуаттылығы 15 миллиард текше метр болатын Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін салу көзделген.
Бүгінде қуаттылығы жылына 10 миллиард текше метрге дейін жететін және ұзындығы 1 450 шақырым болатын газ құбырының сызықтық бөлігін салуға бағытталған алғашқы кезең бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жоба аясында үш жаңа компрессорлық станция салынады. Құрылысты 2026 жылы аяқтау межеленген.
Бұған қосымша, Үкімет солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру үшін көршілес елдерден газ импорттауға қатысты әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Олжас Бектенов газ саласының одан әрі дамуы теңгерімді әрі экономикалық тұрғыдан негізделген тарифтік саясатты қалыптастырмайынша мүмкін емес екенін атап өтті.
Ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік деңгейден әлдеқайда төмен. Сол себепті біз жағдайды бұрмаламай, қалыпты деңгейге келтіру үшін газ бағасын кезең-кезеңімен көтеруге мәжбүрміз. Сонда ғана бұл сала инвестиция тұрғысынан тартымды болып, дамуға мүмкіндік алады, – деді Премьер-министр.