Кезінде шұжық өндіру тек ірі зауыттардың ісі саналса, бүгінде бұл кәсіп ауыл әйелдерінің де қолынан келеді. Мұны күршімдік Раушан Рахимова дәлелдеп жүр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
«БҰРЫННАН ОЙДА ЖҮРГЕН ІСТІ ҚОЛҒА АЛДЫМ»
Ол былтыр мемлекеттік грант бағдарламасына қатысып, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 миллион 470 мың теңге көлемінде қаржы ұтып алған. Осы қаржыға қажетті құрал-жабдық алып, үй іргесінен шағын шұжық цехын іске қосқан.
– Бұрыннан ойымда жүрген істі қолға алдым. Грант ұтып алған соң, тәуекел етіп, цех аштым. Алдымен отбасылық рецепт бойынша дайындап көрдік. Қазір өнімімізді бір-екі дүкенге өткізіп жатырмыз. Тұрғындардың пікірі жақсы, сұраныс артып келеді, – дейді Раушан бізге жұмыс барысын көрсетіп жүріп.
Шағын цех болғанымен, кәсіпкердің әр өнімге үлкен жауапкершілікпен қарайтыны көрініп тұр. Барлық санитарлық талап сақталған, өндіріс қолмен жасалса да, сапасы жоғары. Бұл сөзімізге цех ғимаратының қабырғаларына ілінген бірнеше сертификат пен Алғыс хаттар дәлел бола алатындай.
Кәсіпкер тапсырыс көбейсе, алдағы уақытта жұмысшы алып, өндіріс көлемін арттыруды да жоспарлап отыр.
ӨНІМНІҢ 20-ҒА ЖУЫҚ ТҮРІН ӨНДІРЕДІ
Раушан Рахимова шұжық дайындауға қажетті етті жергілікті қожалықтардан алатынын айтады. Бүгінде шағын цехтен өнімнің 20 шақты түрі шығарылады екен. Оның ішінде «Восточный сервелат», «Салями», «Батырдың білегі» сияқты шұжықтар бар.
– Тапсырыс түсіп жатса, қазы-қарта, жал-жая, сосиска мен дәмдеуіштер қосылған құйрық майы секілді өнімдерді де әзірлейміз. Ысталған тауық пен үйрек етіне де сұраныс бар, – дейді Р.Рахимова.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау болмаса, бұл іске тәуекел етіп кірісуі екіталай еді. Ал қазір оның еңбегі аудан тұрғындарының сеніміне ие бола бастаған.
Күршім аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары мұндай жобалар өңірде көбейіп келе жатқанын айтады. Жас кәсіпкерлерге арналған гранттық бағдарламалар арқасында ауыл тұрғындары өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр.
Раушан секілді азаматтардың табандылығы мен мемлекет қолдауының үйлесуі бүгінде нақты нәтиже беруде. Күршім ауылында орналасқан «Мойнақ» шұжық цехы – осының айғағы.