ШҚО тұрғындарының өткен жылыту маусымында төлеген 257 миллион теңгесі қайтарылатын болды, деп хабарлайды F16.kz.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өткен жылыту маусымындағы төлемдерді қайта есептеді. Даладағы нақты температура мен тарифте ескерілген есептік температура арасында айырмашылық болғандықтан, жылумен қамтамасыз етуші компаниялар артық төлеген ақшаларды қайтаруға тиіс.
Айта кетейік, қайта есептеу тек орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, бірақ үйінде жылу есептегіші орнатылмаған абоненттерге ғана жүргізіледі.
Облыс бойынша 2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңінде халыққа қайтарылуы тиіс қаражат қосылған құн салығын қоса есептегенде 257 175 788 теңге болды, оның ішінде:
– «Шығыс Жылу» АҚ – 229 312 237 теңге;
– «Шығысэнерго» ЖШС – 21 225 286,67 теңге;
– «Күршім» МКК – 335 727,56 теңге;
– «Л-ТВК» ЖШС – 1 629 952,83 теңге;
– Үлкен Нарын ауданының «Нарын КомХозСервис» КМК – 606 671,4 теңге;
– ШЖҚ «Зайсан» ККМК – 647 814,25 теңге;
– Ұлан ауданы әкімдігінің «Молодежный» КМК – 3 418 098,31 теңге.
Барлық сома қосылған құн салығымен бірге есептелген. Өтемақы келесі айдағы түбіртектерде көрсетіліп, төлем сомасы азайтылып отырады.




