Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Өскемен қалаларында су бұру жүйелерін кешенді жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Еуропаның қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдері қатысқан жұмыс кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
РИДДЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ
Риддер шаһарында сарқын суларды тазарту құрылыстары жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Қазір бұл нысандардың техникалық жағдайы талапқа сай келмейді. 2025 жылы тазарту жүйелерін толық қайта құру мен заманауи жабдықтар орнатуға бағытталған техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Жобаны қаржыландырудың ықтимал көздерінің бірі – ЕҚДБ несиесі.
ӨСКЕМЕНДЕГІ ЖОСПАРЛАР
Өскеменде 1970 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан тазарту технологиялары бүгінде өзектілігін жоғалтқан. Қала халқының артуына байланысты су бұру жүйесіне түсетін жүктеме ұлғайып, қазіргі инфрақұрылымның қуаты жеткіліксіз болды. Осыған орай нысандардың тиімділігін арттыру және заманауи тазарту әдістерін енгізу жоспарланған. Қазір жобалчқ-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл жобалар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. ЕҚДБ өкілдері өз тараптарынан аталған бастамаларға қолдау көрсетуге және ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін білдірді.
Жобалар жүзеге асқан жағдайда, өңірдегі сарқын суларды тазарту тиімділігі едәуір жақсарып, экологиялық жүктеме азаяды. Сонымен қатар Риддер мен Өскеменнің тұрақты дамуына жол ашылады.




