Ертең Өскеменде «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
– Екі күнге созылатын оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, қалада шартты түрде жойқын жер сілкінісі болады. Мақсат – апат жағдайында құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылын тексеріп, жетілдіру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың салдарын азайту, – деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл күндері Өскемендегі ірі сауда орталықтарында, ауруханаларда, қарттар үйлерінде сейсмикалық жаттығулар өтіп, облыс тұрғындарына жер сілкінісі кезінде әрекет ету тәртіптері көрсетілді.
Сценарий бойынша Есенберлин даңғылы бойында орналасқан ғимараттың бірі қирап, үйінді астында адамдар қалып қояды. Төтенше жағдай орнына шұғыл жеткен ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының кинологиялық тобы иттердің және дрондардың көмегімен іздестіру жұмыстарын бастап кетеді. Қирандылар астында қалып қойған адамдар заманауи құтқару құралдары арқылы шығарылып, Апаттар медицинасы орталығының және медициналық қызметтердің бригадаларына тапсырылды.
Сондай-ақ, құтқарушылар өрт салдарынан ғимараттың жоғары қабаттарында қалып қойған адамдарды эвакуациялайды.
Бұл жұмыстарға Өрт сөндіру қызметінің 8 техникасы мен 40 маманы, ҚР ТЖМ-нің 2-құтқару батальоны және Ұлттық ұланның күштері жұмылдырылады.
Айта кетейік, эвакуацияланған тұрғындар барлық ауданда ұйымдастырылатын арнайы пункттерге жеткізіліп, мамандардың алғашқы көмегін алатын болады. Бұдан соң халық арнайы лагерьлерге орналастырылады. Мұндай лагерлерде жататын орын, гигиеналық-санитарлық тораптар, медициналық пункт пен тамақтану блогы қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін оқу-жаттығу жиындары кезінде дабыл жүйелері іске қосылатыны туралы хабарлаған болатынбыз.




