ШҚО Полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, интернет арқылы Қазақстан аумағында заңмен тыйым салынған бейнематериалдарды дайындап, таратқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл топ «модельдік агенттік» деген атаумен еліміздің 10-нан астам қаласында, соның ішінде Өскеменде де вебкам-студиялар ашып, ашық трансляциялар жүргізіп отырған. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа тартып, айына 2 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады деп уәде берген.
Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, ұйымдастырушылар 1 миллиард теңгеден астам кіріс тапқаны анықталды. Тінту кезінде 120-дан астам компьютер, веб-камера, жарықтандыру құрылғылары және басқа да техникалар тәркіленді.
– Қазіргі уақытта бұл іске қатысы бар 14 адам ұсталды. Олардың арасында осы бизнесті ұйымдастырған негізгі тұлғалар да бар. Тергеу аяқталуға жақын, – деп хабарлайды дерек көзі.
Полиция қызметкерлері интернет арқылы ұсынылатын «жеңіл табысқа» сақтықпен қарауға шақырады. Мамандар егер жұмыс ресми тіркелмеген болса немесе заңға қайшы белгілері байқалса, ондай әрекеттерден бас тартуға кеңес береді.