Өскеменде 2009-2010 жылдары туған қыздар арасында жазғы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ел біріншілігіне республиканың әр өңірінен барлығы 12 құрама қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Аладоп додасының финалына Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары шықты. Аса тартысты өткен кездесуде жарыс иелері жеңімпаз атанды. Финалдық ойныды көппен бірге тамашалаған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл чемпионат еліміздің және өңірдің жас спортшылар үшін маңызды іс-шара болғанын атап өтті.
Волейбол — бұл жай ойын емес, бұл командалық рух және жеңіске деген құштарлық! Бүгін біз қызықты және шиеленісті ойындардың куәсі болдық, –деді облыс әкімі.
Айта кетейік, осы біріншілікте үздік өнер көрсеткен қыздар іріктеліп, биылғы қыркүйекте өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғау үшін ұлттық құрама сапына алынады.
Облыс әкімі чемпион атанған шығысқазақстандық бұрымдыларды, сондай-ақ екінші, үшінші орындарды иеленген Солтүстік Қазақстан облысының, Астана қаласының аруларын марапаттады.
Жарыстан кейін өңір басшысы «Berel» кәсіби волейбол клубының ойыншыларымен кездесіп, команданың дайындығы туралы сұрады.




