Оқушылардың тамақтануын бақылау және мемлекеттік қолдау үшін елдегі 2 мыңнан астам мектепте «Әлеуметтік әмиян» қанатқақты жобасы енгізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Қанатқақты жоба мемлекеттік қолдау шараларының нысаналы әрі ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында және Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынған.
Аталған жобадағы алғашқы бағыт – оқушыларды тегін және жеңілдетілген бағада тамақпен қамтамасыз ету.
Бүгінгі күні 6 943 мемлекеттік орта білім беру мектебінің 2 369-ы заманауи автоматтандырылған бақылау пункттерімен (АБП) толық жабдықталған. Ал 3 950 мектепте жобалық қуаттылықты ескере отырып «Бизнес әмиян» енгізілді. Бұл – оқушыларға ыстық тамақ жеткізілуін есепке алу және бақылау үшін енгізілген арнайы қосымша.
Мамандардың айтуынша, еGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы ата-аналар баласының ыстық тамақ алғанын нақты уақыт режимінде тексеріп, мәзірді көре алады және пікір қалдыра алады.
Болашақта «Әлеуметтік әмиян» мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру қызметтерін, лагерьлерге жолдама, жатақханалардағы орын және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерін қамтиды.