Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын энергетика саласы мамандарының деңгейіне дейін көтеруді көздейтін «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді, деп хабарлайды F16.kz.
Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі осы заңды іске асыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, елімізде су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы биылғы қыркүйектен бастап артады.
Жалпы, ел бойынша сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өседі. Аймақтарға байланысты және ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, еңбекақы орта есеппен 35-50%-ға көбейеді.
Бұл түзетулерді әзірлеу былтыр басталған болатын. Биыл маусым айында заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.
– Министрлік су шаруашылығы саласы мамандарының мәртебесін көтеру мен еңбек жағдайын жақсартуға ерекше мән береді. Мысалы, биыл «Қазсушардың» барлық 425 маусымдық жұмысшысы тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ су мамандарының біліктілігін арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, оның ішінде шетелдерде де оқыту қарастырылған, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су саласы мамандарының жалақысын арттыру шаралары былтыр да қолға алынған болатын. 2024 жылы «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға көбейген.




