ШҚО полицейлері бір тәулікте 420-дан астам құқық бұзушылық тіркеді. Жауапкершілікке тартылғандардың басым бөлігі жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген және қоғамдық орындарда масаң күйде жүргендер, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс аумағында 10 наурыздан бастап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстардың алдын алуға және әкімшілік құқықбұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Тек бір тәулік ішінде 420-дан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 106 жағдай, қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе масаң күйде жүрген 67 жағдай тіркелді. Одан бөлек, қоғамдық орындарда тиісу, кәмелетке толмағандар түнгі уақытта үйден тыс жерде болған фактілер де бар, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар заңсыз сақталған 8 бірлік атыс қаруы тәркіленген. Профилактикалық шара барысында жол қауіпсіздігі де ерекше бақылауға алынды.
Бір тәулікте 490-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Көлікті мас күйде басқару, қарсы жолаққа шығу, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың көлік басқаруы, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың құқық бұзушылықтары бар, — делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы 13 наурызға дейін жалғасады.




