Қазақстан құрамасы семсерлесуден Грузия астанасы Тбилиси қаласында мәресіне жеткен Әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды F16.kz.
Жаһан біріншілігіндегі ерлер арасындағы командалық жарыста ел намысын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов пен Кирилл Проходов төрттігі қорғаған болатын. Бір айта кетерлігі, аталған төрт спортшының екеуі, яғни Курбанов пен Шарлаимов – Шығыс Қазақстан облысының тумалары.
Отандастарымыз байрақты бәсекенің үшінші орны үшін өткен кездесуде азулы Франция құрамасымен шеберлік байқасты. Кездесудің басынан-ақ есепте алға шыққан семсерлесушілеріміз матчтың соңына дейін басымдықты ұстап тұра алды. Қорытынды есеп 45:31 Қазақстан құрамасының пайдасына.
Осы жеңістің арқасында семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет Әлем чемпионатының командалық жүлдесіне қол жеткізді. Еске салайық, бұдан тура екі жыл бұрын, 2023 жылдың жазында Италияда өткен Әлем біріншілігінде Руслан Курбанов жекелей сында елге тарихи қола медаль әкелген болатын.
Айта кетейік, Грузия жерінде өткен жаһандық додадағы командалық сайыстың алтын медалін Жапония құрамасы жеңіп алды. Ал Мажарстан құрамасы екінші орынға ие болды.




