Күршім ауданында тағы бір ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталуға жақын. Қазір ауданның Барақ батыр ауылында су құбыры желісін тарту жұмыстары қызып тұр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
АУЫЛ ХАЛҚЫ ТАҒАТСЫЗДАНА КҮТІП ОТЫР
Жалпы құны 742 миллион теңге болатын жоба жүзеге асқаннан кейін 153 үйі, 400-ден астам тұрғыны елді мекен толықтай таза ауызсумен қамтылмақ. Бұл туралы Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартов мәлім етті.
– Бұл жоба «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 411 тұрғыны бар Барақ батыр ауылы 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, жұмыс ойдағыдай, жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Барлық талап сақталуда. Мердігер компания өкілдері суды әр үйдің қақпасына дейін жеткізіп беруге міндетті. Ал әрі қарайғы құбырды үйдің ішіне дейін тарту жағын тұрғындардың өздері шешеді, – деген ауылдық округ әкімі былтыр Барақ батыр ауылында ауызсуға қатысты проблема туындағанын да айтты.
Белгілі болғандай, қыстың қақ ортасында мұндағы жерасты суларының деңгейі күрт төмендеп, нәтижесінде құдықтан су ішіп отырған бүтін бір ауыл тіршілік нәрінсіз қалған. Сол себепті, Барақ батыр ауылы үшін су құбыры желісінің салынуы күн тәртібіндегі мәселе болып тұр.
– Су құбыры тартылғаннан кейін, мұндай мәселелерден біржолата құтыламыз деп сенеміз. Басында сенімсіздікпен қараған ауыл халқы да қазір жаңа су құбыры желісі құрылысының аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Жақында Сарыөлең ауылында дәл осындай су станциясын қайта құру жұмыстары басталды. Ал Бірлік ауылында блок-модульдік жабдық бар, ол елді мекенде көше бойларына құдықтар орнатуды көздеп отырмыз, – дейді Серік Ақсартов.
ҚЫРКҮЙЕКТЕ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Су құбыры желісінің құрылысына жауапты «СКБ Construction» мердігер компаниясынан хабарлағандай, бүгінде жұмыстың 85 пайызы аяқталған. Нысан қыркүйек айының басында іске қосылады деп жоспарлануда.
– Барақ батыр ауылындағы жұмыстарды 2024 жылдың жазында, яғни бір жыл бұрын бастағанбыз. Тамыз айында негізгі жұмыстарды аяқтаймыз деп отырмыз. Қазір 35 және 27 метр тереңдікке екі сорғы орнатылды. Сүзгісі бар негізгі сорғыны тамыз айында қолданысқа береміз. Ауылдың оң жақ бетінде 60 пайыз құбыр тарту жұмысы аяқталды. Бүгінде жалпы ұзындығы 10 шақырымға жететін құбырдың 3 шақырымын тарту жұмыстары ғана қалды, – дейді «СКБ Construction» ЖШС-нің учаске бастығы Сұңғат Тәуекел.
Жоба аясында ауыл ішіне барлығы 107 құдық орнатылуға тиіс екен. Қазір оның 80-ге жуығы дайын. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 100 текше метр болатын су жинайтын екі цистерна орнатылыпты.
СУМЕН ҚАМТЫЛУ ДЕҢГЕЙІ 95 %-ҒА ЖЕТКЕН
Күршім ауданы әкімдігінен хабарлағандай, бүгінде өңірдегі 21 елді мекеннің 20-сы таза ауыссумен қамтамасыз етілген. Сумен қамтылу деңгейі 95,2 пайызға жеткен. Биыл Барақ батыр ауылындағы су құбыры желісі пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек.
Айта кетейік, қазір Барақ батыр ауылынан бөлек, ауданның тағы бірнеше елді мекенінде су құбыры желілерін жаңарту не кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде аудан орталығы Күршім ауылы мен Үшбұлақ, Бірлік, Мульковое елді мекендері де бар.




