Қоғамда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірледі, деп хабарлайды F16.kz тілшісі министрлікке сілтеме жасап.
Ұсыныстарға мыналар кіреді:
* кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды тек толық жүктемемен пайдалану;
* тісті жуғанда кранды жауып, стақанға құйылған суды пайдалану;
* ваннаға түсудің орнына қысқа душқа жуыну;
* көкөніс пен жемістерді ыдыстағы сумен жуу;
* автоматты сенсорлы крандарды қолдану;
* унитаздарға екі деңгейлі су жіберу жүйесін орнату;
* су ағынын реттейтін арнайы саптамалар (аэраторлар) пайдалану;
* крандардағы ақауларды үнемі бақылап, судың ағуын дер кезінде жойып отыру.
– Бұл ұсыныстарды толығымен қолдану арқылы алты адамнан тұратын бір отбасы жылына 35 мың литрге дейін су үнемдей алады, – деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, министрліктің ұсыныстары көрсетілген арнайы баннерлерді жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Қазақстанның барлық елді мекен көшелеріне, білім беру мекемелеріне, теміржол вокзалдары, әуежайлар мен басқа да қоғамдық орындарға орналастыру жоспарланып отыр екен.
– Біз тұрмыста суды үнемдеудің маңызын мүмкіндігінше көп адамға жеткізгіміз келеді. Әрбір азамат елдің су ресурстарын сақтауға үлес қоса алады. Министрлік әзірлеген ұсыныстар суды үнемдеу оңай әрі тиімді екенін көрсетіп отыр. Енді біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бұл қарапайым тәсілдер туралы мәліметті Қазақстанның барлық өңіріне жеткізуді көздеп отырмыз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.




