Өскемен жылу-электр орталығы кеңейтілетін болды. Үш жылдық жобаға 140 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жоба аясында жылу станциясына электр қуаты 100 МВт болатын турбоагрегат пен жылу қуаты сағатына 130 Гкал болатын қазандық агрегаты орнатылады. Соның нәтижесінде қосымша 400-ден астам тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды жылумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар заманауи шаң-газ тазарту жүйелері орнатылмақ, бұл атмосфераға таралатын үлестік шығарындыларды 12,7 пайыз азайтуға мүмкіндік беретін көрінеді.
«Жоба іске асыру барысында 560-қа дейін жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 53-і тұрақты жұмыс орны болмақ. Құрылыс жұмыстарына қазақстандық мамандарды тарту көзделген. Ал арнайы жабдықтарды монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарына оларды өндіруші кәсіпорындар мен мердігер ұйымдардың бейінді мамандары қатысады. Олардың жұмысы құрылыс кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіледі», — делінген ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратында.




