Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысының айтуынша, тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің бірі — Өскемендегі «Diamond» тұрғын үй кешенінің ұзаққа созылған құрылысы.
Үшінші жыл қатарынан үлескерлер қаржылық қиындыққа тап болып келеді, ал құрылыс әлі аяқталған жоқ. Құрылыс компаниясының жобалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан кері қайтарылған, қазір қайта қаралып жатыр. «КЖК» АҚ нысанды 2026 жылдың тамызында тапсыруды жоспарлап отыр. Жұмыстың барысына бақылауды күшейтіп, әр кезең туралы үлескерлер тобына тұрақты түрде ақпарат беруді тапсырдым, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерден Өскемендегі «Самал» саябағына павильон орнату жөнінде өтініш түскен.
Тексеру барысында кәсіпкердің бұрынғы жолдаған өтініштеріне берілген жауап формалды сипатта болғаны анықталды. Қала тұрғындары демалатын орындарда сапалы қызмет көрсету – біз үшін маңызды. Сондықтан қала әкімдігіне аумақты абаттандыру кезінде кәсіпкерлерге арналған қосымша орындар қарастыруды тапсырдым, — деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Жұмыстан босап қалған Ұлан ауданы тұрғынының өтініші де қаралды. Комиссия да, сот та басшылықтың әрекетін заңды деп тапқан.
Соған қарамастан, өтініш берушіге барлық қорытындыны тағы да егжей-тегжейлі түсіндіріп, жұмысты тек заң аясында жүргізуді тапсырдым, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жетім балалардың құқығын қорғау қорынан түскен ұсыныстарға ерекше назар аударды. Ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды қолдау, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу және отбасыларға көмек көрсету – жүйелі көзқарасты қажет ететін мәселелер. Барлық мәселені мұқият тыңдаған облыс әкімі нақты шешім әзірлеу үшін орынбасарларына және салалық басқармаларға тапсырма берді.




