Қазақстанның «қара нарығындағы» бала саудасы туралы ақпарат қоғамның қызу талқысына түсті. Әсіресе, кез келген мәселеге сергек қарайтын әлеуметтік желі қолданушылары «адамның құны айфоннан арзан болғаны ма?» деп дүрлікті. Тәлкекке түскен тағдырлар жайын Адам саудасына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева қозғады, деп хабарлайды F16.kz.
Оның сөзінше, кәмелетке толмағандарды сату бабымен елімізде жыл басынан бері 19 іс тіркелген және ондай жағдайлар республиканың түрлі өңірлерінде анықталған. Ең сорақысы бұл қылмысқа делдалдар араласып, заңсыздықты арнайы схемамен жүзеге асырған.
Бір жағында перзент сүйе алмай жүрген ата-ана, екінші тарапта өз баласынан бас тартқысы келетін адам. Бұл жағдайларды ақша табу үшін пайдаланатын делдалдар да бар. Олар екі жақты іздеп тауып, бір-бірімен келістіріп, табыс табуды көздейді. Кейбіреулер баласын асырай алмайды, енді біреулер сәбиінен бас тартады, ал кейбір қыздар жүктілікті жоспарламағандықтан және материалдық жағдайының нашарлығына байланысты осындай қылмысқа барады. Тәжірибеде баланы 500 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейінгі сомаға сататындар кездеседі, – деді Шынар Көшербаева.
Бұл жағдайды әлеуметтік желі қолданушылары қатаң сынға алып, «адамның құны айфоннан арзан болғаны ма?», «бауыр етің балаңды қалай сатасың?», «бұл қылмыс, жауапқа тарту керек», «бұл қоғамның азғындап бара жатқанын көрсетеді» деген сыңайда пікірлер жазды.




