Катонқарағай ауданында Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір қайта қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
1938 жылы салынған бұл өткел Катонқарағай ұлттық паркіндегі туристік бағыттардың бірі – Қаракөлге апарады. Бұған дейін ол қыстағы қардың салмағына шыдамай қирап қалған. Сол кезде жергілікті туроператорлар, ұлттық парк мамандары мен тұрғындар бірігіп, оны уақытша жөндеп алған.
Енді ескі көпірдің орнына жаңасы салынатын болды. Құрылыс басына арнайы техникалар жеткізіліп, жұмыс басталды.
Қазір Ақ Берел өзені үстінен өтетін көпірді қайта салу жұмыстары қолға алынды. Өзеннің ағысы өте қатты болғандықтан, көктем мен жаз мезгілдерінде құрылыс жүргізуге мүмкіндік болмайды. Сол себепті оны күз бен қыс айларына жоспарладық, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Басқарманың ақпаратына сәйкес, жобалық-сметалық құжаттамада көпірдің жалпы құны 592 миллион теңге деп көрсетілген.




