Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан асатын үстеме баға қойғаны үшін 77 нысан иесі жауапқа тартылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар дегеніміз күнделікті сұранысқа ие, тұрғындар бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктер. Олардың бағасы мемлекет тарапынан бақыланады.
Заңнамаға сәйкес, сатушы әлеуметтік азық-түлік түрлеріне баға белгілеген кезде, өзі сатып алған бағасына 15%-дан артық үстеме баға қоюға тыйым салынған, — дейді департамент өкілдері.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабына сәйкес, әлеуметтік азық-түлікке 15 пайыздан артық сауда үстемесін қосқаны үшін:
— жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 айлық есеп көрсеткіші (АЕК) (19 660 теңге);
— орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК (137 620 теңге);
— ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Жыл ішінде, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бұл әрекет қайталанса:
— жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (39 320 теңге);
— орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК (275 240 теңге);
— ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (1 179 600 теңге) айыппұл салынады.
Ағымдағы жылдың басынан бері департамент 155 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеді. Оның 77-сі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан асатын үстеме баға қойғаны үшін. Тексеру іс-шараларының нәтижесінде, 50 нысанға ескерту жасалып, 27 кәсіпкерге жалпы сомасы 285 070 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Егерде әлеуметтік азық-түлік бағасының қымбат екендігін көрсеңіз, оның аз уақытта жоғарылап кеткенін байқасаңыз, саудагер бағаны аса көтеріп қойды деп есептесеңіз, департаментке шағым түсіруге құқылысыз.
Департаменттің байланыс телефондары; 8 (7232) 26-72-07, 61-41-21. Сонымен қатар Е-Өтініш порталы арқылы және Өскемен қаласы, 30 Гвардиялық дивизия көшесі, 22 мекенжайына келіп жүгіне аласыз.




