Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ—да ауыл балаларына арналған iQanat білім олимпиадасының екінші кезеңі басталды. Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 150 оқушы финалға өту үшін барын салады, деп хабарлайды F16.kz.
Білім сайысының бұл кезеңінде республика көлемінде 10 мыңнан астам бала сынға түсіп жатыр. Оның 70 пайыздан астамы – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар. Дәл осы кезеңде үздік атанған бір мың оқушы финалға өтеді.
Бүгінгі олимпиадаға өңірдің аудандарынан келген 150-дей дарынды бала қатысып жатыр. Олар химия, биология, физика, математика, тарих, филология пәндерінен білім деңгейлерін көрсетеді. Бұл нағыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» сыналатын сәт. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл балаларын қолдау, олардың зияткерлік қабілетін арттыру. Аманжолов университеті iQanat жобасын қолдайды және білім сайысын жоғары деңгейде өткізуге барлық мүмкіндік жасайды, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Сонымен қатар жоғары оқу орнының басшысы Аманжолов университетінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларын қолдау мақсатында арнайы білім гранттары бар екенін атап өтті.
Бұл гранттар ғылыми кеңестің шешімімен тағайындалады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан білімді, дарынды, өнерлі, патриот балалар болады. Бірақ жолы болмай, оқуға түсе алмай қалуы мүмкін. Осындай кезде біздің университеттің ғылыми кеңесі оларға арнайы білім грантын тағайындайды, – деп қосты ректор.
iQanat олимпиадасының екінші кезеңіне Катонқарағай ауданынан 16 оқушы келді. Жас таланттарды білім бәсекесіне баптап әкелген педагог Еңлік Құрманғалиева шәкірттерінің финалда жеңіп шығатынан сенімді.
Бұл олимпиада ауыл баласына үлкен мүмкіндік сыйлайды, болашағына даңғыл жол ашады. Сондықтан iQanat жобасын оқушылар өте жақсы көреді және оған ерекше дайындалады. Финалда жеңген балалар ең озық білім ордасында оқиды. Ол жерде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Республиканың әр түкпірінен іріктелген мықты мұғалімдер сабақ береді. Бұл мектептің түлектері еліміздің және шетелдің ең үздік жоғары оқу орындарына түседі. Катонқарағай ауданының оқушылары жылда жоғары білім деңгейін көрсетіп жүр. Былтыр Әлинұр деген баламыз республикалық кезеңнен өтіп, биыл iQanat мектебінде білім алып жатыр. Бұл игі дәстүр ары қарай жалғасады деп сенемін, – деді Еңлік Құрманғалиева.

Олимпиадаға Глубокое ауданының Малоубинка ауылынан келіп қатысып жатқан Хабиба Шаймардан болашақта география пәні мұғалімі болуды армандайды.
Бүгінгі облыстық кезеңнен өтіп, финалда жеңіске жететініме сенімдімін. Менің мақсатым – iQanat мектебінде оқып, болашақта география пәнінің мұғалімі болу, – деді жас дарын.
IQanat олимпиадасы — бұл Қазақстанның ауылдық мектептерінің 8-сынып оқушылары арасында өткізілетін республикалық зияткерлік сайыс. Олимпиаданы IQanat қоры Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады. Жобаның басты мақсаты — еліміздің ауылдық жердегі жалпы білім беретін мектеп оқушыларының ынтасын арттыру, зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға жәрдемдесу, ауыл баласының еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына грант негізінде түсуге мүмкіндік беру. Осы жобаның арқасында бүгінде IQanat түлектерінің 90%-дан астамы Қазақстан мен әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарына тегін оқып жатыр.




