Бүгін Өскеменнің «Алтай» көтерме—бөлшек сауда орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Шемонаиха ауданының фермерлері облыс орталығына 2 тоннадан астам азық—түлік әкелді, деп хабарлайды F16.kz.
Атап айтқанда, тазартылған күнбағыс майы, көкөніс пен жеміс-жидек, бал, сүт және сүт өнімдері, нан-тоқаш, қарақұмық, бұршақ, арпа және басқа да өнімдер саудаға қойылды. Қала тұрғындары нарықтағыдан 10-15 пайызға арзанға әртүрлі тұздықтар, тосап пен консервілер сатып алды. Мұндай жәрмеңкелердің басты артықшылығы – азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және халыққа өнімді делдалсыз сатып алуға мүмкіндік беру.
Жалпы әкелінген өнім көлемі шамамен екі тоннаға жуықтады. Барлық тауар – біздің фермерлердің өнімі. Бағасы арзан. Мысалы, базарда еттің бір келісі 4500 теңге тұрса, жәрмеңкеде сиыр, қой, жылқы еті мен басқа да өнімдерді 3700–3800 теңгеден алуға болады. Сондай-ақ қазы мен шұжық та жеткілікті. Басты мақсат – қала тұрғындарын төмен бағадағы сапалы әрі табиғи өнімдермен қамтамасыз ету, – деді Шемонаиха ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Махмутов.
Вавилон ауылдық округінің әкімі Айнаш Ожыкенова да баға саясатының тиімділігін атап өтті. Мәселен, мұнда картоп пен қызылшаның келісі – 200 теңге, пияз – 140 теңге, қарақұмық – 220 теңге, бұршақ – 200 теңге, арпа – 150 теңгеден сатылды.
Базаршылап келген өскемендіктердің көңіл-күйі көтеріңкі болды. Қала тұрғыны Әділ Әлімханов анасының айтуы бойынша ет пен май алу үшін келіпті.
Бағаның базардағыдан төмен болуы қуантты. Оған қоса Шемонаиха өнерпаздары концерт қойып, жәрмеңкені нағыз мерекеге айналдырды, – деді Өскемен тұрғыны.
Ал тараздық қонақ Ерлан жұбайымен бірге мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.
Қыркүйек айының басында бұл орталық ашылғанда да келіп едік. Қала тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімін делдалсыз әрі арзанға сатып алу мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымыз. Сауда орталығы кең, сатып алуға ыңғайлы, жанында автобус аялдамасы бар. Мұндай тұрғындарға пайдалы жобалардың көп болғаны өте жақсы, – деді ол.
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қаладағы баға саясатын тұрақтандырудың нақты тетігіне айналды. Себебі делдалсыз сауда арқылы тұтынушылар табиғи, сапалы өнімді нарықтағыдан төмен бағаға алады, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімін тікелей өткізуге мүмкіндік табады. Бұл – ауыл мен қаланың тиімді әріптестігін нығайтудың әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды жолы.




