Бүгін таңда, 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай дүниеден өтті. Бұл туралы ақын, журналист, этнограф Қасымхан Бегіманов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды F16.kz.
«Бүгін таңнан суық хабар жетті..
Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда соңғы демі үзілді.
Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады.
Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай поэзиясы, мәңгі өлмес өлеңдері қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр», – деп жазды Қасымхан Бегіманов.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысы Кушрабад ауданында туған.
Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң, бірнеше жыл Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. 1973–1975 жж. Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 1976–1983 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан.
1984-1985 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985–1992 жж. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997–1998 жж. Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша департаментінің І хатшысы, 1998–1999 жж. Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды.
Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта ән мен 150-ге тарта ән мәтінінің авторы.
«Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.
«Аққу арман», «Раушан ғұмыр», «Бозқараған», «Қызыл-жасыл дүние», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ», «Махаббат пен Ғадауат», «Тар төсекте төсіңді» атты кітаптары жарық көрген.




