Белгілі қаламгер Мұрат Тастағанов өмірден өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ журналистикасы мен поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Мұрат Мырқанұлы Тастағановтың мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады, — делінген хабарламада.
Мұрат Мырқанұлы 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Сарықамыс қыстағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде және өңірлік БАҚ-та ұзақ жыл еңбек еткен.
Қаламгер «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» жыр жинақтарының авторы, 60-тан астам әннің сөзін жазған. Ол Күршім ауданының Құрметті азаматы атанып, туған өлкесінің рухани өміріне өлшеусіз үлес қосқан, ана тілі мен ұлттық рухтың жанашыры болды.
Сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамының Өскемен қалалық ұйымын басқарып, сөздің киесін, тілдің қадірін ұлықтады. Кейін облыстық теле-радиокомпанияда, Семейдегі «Ертіс өңірі» газетінде және Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда қызмет етіп, мәдениет пен өнердің дамуына елеулі еңбек сіңірді.
Мұрат Мырқанұлының қаламынан туған мақалалары, ұлттық әдебиетіміздің қазынасын байытқан шығармалары ел жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.




